Орал қ., Әбілхайыр хан даңғылы, 183 +7 7112 30-60-20

Бимен көмкерілген кеш өтті

29 сәуір – халықаралық би күні қарсаңында «Өмірі бимен өрілген…» атты кездесу кеші өтті. Кеш қонағы – «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері, Жайық өңіріне танымал биші Райхан Көжекешова.
Би – бір сәттік қана. Билеу кезінде ғана өмір сүретін уақытша, өткінші өнер болғандықтан, би шығармашылығының тарихи қалыптасуын зерттеу өте күрделі. Өйткені ол өзінен кейін материалдық-заттай ескерткіш қалдырмайды. Алайда, бұл өнер тарихында өзіндік ізін қалыптастырып, кейінгілерге қалдырып кеткен тұлғалар аз емес.
 Өмірінің 43 жылын бимен өрнектеп келе жатқан Райхан Сабырқызы қазіргі таңда талантты шәкірттер тәрбиелеуде. Ол жетекшілік ететін Үлгілі «Қызғалдақтар» би ансамблі  республикалық конкурстардан тыс халықаралық деңгейдегі түрлі байқауларда бағын сынап, байрағымызды желбіретіп, еліміздің мәртебесін асқақтатып қайтқаны туралы БАҚ беттерінде талай мәрте сүйінші сұралғанын Жайық жұрты жақсы біледі.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп жүрген жас шәкірттері ұстазының қолынан ұстап, сахна төріне көтергеннен бастап көрерменнің көңіліне жылылық ұялатқан кеште кеш иесіне айтылған ыстық лебіздер аз болған жоқ. Бұл кештегі ағыл-тегіл ақ тілектердің иелері – мәдениет ардагері, өнер жанашыры А.Қуатова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Қадыр» қоғамдық қорының директоры Д.Қажымов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Қ.Қожақов, Тасқала ауданы мәдениет бөлімінің басшысы М.Нәріковтер болды.
Облыстық мәдениет басшысы Д.Құсайынов атынан облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры М.Қамбетов Алғыс хат табыстады.
Үлгілі «Қызғалдақтар» би ансамблі кештің шырайын бимен кіргізіп, Е.Қуанышев, Г.Ахметова,  және М.Аюпов әнмен әрледі.

«Қадыр-ақпарат»