Орал қ., Әбілхайыр хан даңғылы, 183 +7 7112 30-60-20
                        
                            ӨЗ ЕЛІМ
Сөзі: Қ.Мырза Әли
Әні: Н.Тілендиев
   
Келгенде көктемі
Көңілін гүл басқан,
Шырағы көктегі
Жұлдызбен сырласқан.
                       Қ а й ы р м а с ы:  
Өз елім менің!
Өзегім менің!
Жырыма қосып жүремін.
Төрім деп менің,
Жерім деп сенің,
Соғады мәңгі жүрегім!
Түлегі сендер,
Тілегі сендер,
Тірегі сендер сол елдің!
Назары сендер,
Базары сендер,
Ажары сендер сол елдің!  
                         Қ а й ы р м а с ы:  
Ақ күмбез астығы
Асқар боп өрлеген
Жалынды жастығы
Жүлдені бермеген  
                         Қ а й ы р м а с ы:  
Бұзылмас қамалың
Батыры уақыттың
Тербеген самалы
Бесігін бақыттың  
                        
                            КЕЗДЕР – АЙ!
Сөзі: Қ.Мырза Әли
Әні: С.Бәйтереков
 
Торғындай  жұмсақ түндерде
Төбеде қалқып көшкен Ай.
Жырларға толы күндермен
Сырларға толы кештер-ай!
Көңілге куат жел берген
Күлкіге жомарт үйлер-ай!
Шырқата салған әндер мен
Шалқыта тартқан күйлер-ай!  
                      Қ а й ы р м а с ы:  
Кездер-ай, ерке кездер-ай!
Кездер-ай, серке кездер-ай!
Шоқ болып түсіп жүрекке,
Түбіңе жеткен көздер-ай!
Түбіңе жеткен көздер-ай!  

Арғымақ көңіл желігіп,
Арынын әрең бастық-ай,
Осылай лаулап өмірі
Өтердей жалын жастық-ай!
Кеттіңдер енді кімге еріп,
Қуаныштар-ай, мұңдар-ай!
Күлімдеп өтер күндер мен,
Жарқылдап өтер жылдар-ай!    
                     Қ а й ы р м а с ы:      
                        
                            ТАМАША
Сөзі: Қ.Мырза Әли
Әні: Т. Базарбаев
 
Тамаша: той-думанмен таң атырсаң,
Тойда сол жаныңда әсем жан отырса.
Тамаша: жексенбі күн көл басында
Тұнықтан балық аулап қала тұрсаң.
Тамаша: жексенбі күн көл басында
Тұнықтан балық аулап қала тұрсаң.

Тамаша: таулы ауылдың түнін көрсең,
Түнде сол айдай сұлу тілін берсе…
Тамаша: достарыңмен дала кезіп,
Торқалы туған жердің гүлін терсең.
Тамаша: достарыңмен дала кезіп,
Торқалы туған жердің гүлін терсең.

Тамаша: қырдан қызыл түлкі ауласаң,
Түлкіге құмай қосып қиқуласаң.
Тамаша: қанжығаңды қандап қайтсаң,
Тамаша: соның бәрі мүмкін болса!
Тамаша: қанжығаңды қандап қайтсаң,
Тамаша: соның бәрі мүмкін болса!

Тамаша: жүрегіңді ыстамасаң,
Таршылық жан-жағыңнан қыстамаса.
Тамаша: тамаша емес, бірақ, туыс,
Бір мезгіл кетпен-күрек ұстамасаң!
Тамаша, тамаша емес, бірақ, туыс,
Бір мезгіл кетпен-күрек ұстамасаң!
 
                        
                            ЦЫГАН СЕРЕНАДАСЫ
Сөзі: Қ.Мырза Әли
Әні: Ш.Қалдаяқов
 
Тулаған қаны бар
Тұлпар да табылар,
Үміт  болса.
Күн туса басыңа,
Мойыма,  жасыма,
Жігіт  болсаң!  
                            Қ а й ы р м а с ы:  
Толқысын шартарап,
Тасышы, тебіренші, ей, гитара!
Оу, жан серігім,
Төгілсін күй тарап!
Жаның тарықпасын!
Ән шарықтасын!
Қайран басың,
Ғаріп басың
Көзінді жұмбай қамықпасын,
Қамықпасын!  
Қайнаған қаны бар
Қалыңдық табылар,
Үміт болса.
Шаттықты уыстан
Шығарма, туысқан,
Жігіт болсаң!  
                            Қ а й ы р м а с ы:  
Сәні бар, әні бар
Дәулет те табылар,
Үміт болса.
Досыңа, ғашыққа
Бәрін де шашып бақ,
Жігіт болсаң!  
                            Қ а й ы р м а с ы:    
                        
                            ТАМДЫ АРУЫ
Сөзі: Қ.Мырза Әли
Әні: Ш.Қалдаяқов
 
Жамалың жас көктемнің жамалындай,
Жүрегің махаббаттың қамалындай.
Тамдының тамылжыған әнші аруы,
Лебізің таңның уыз самалындай.
                       Қ а й ы р м а с ы:   
Жел аңсаған
Ебелектей,
Гүл аңсаған
Көбелектей
Келем саған!
 
Сені ойлап құлазыған құла құмдай
Заулайды қиял қырдың құланындай.
Бұрымың, Мыңбұлақта туған ару,
Сол жердің мың бірінші бұлағындай!
                       Қ а й ы р м а с ы:  
Ілінген ғашықтықтың құрығына,
Әнімді құрбан еттім ырымыңа.
Мен қашан сүңгір екем мың бірінші
Бұлақтай
Тарқатылған бұрымыңа!
                       Қ а й ы р м а с ы: