Орал қ., Әбілхайыр хан даңғылы, 183 +7 7112 30-60-20
                          
                             ӘЖЕ ТУРАЛЫ ӘН
Сөзі: Қ.Мырза Әли
Әні: Н.Тілендиев
 
Асыл әжем, ғасыр әжем аңсаған,
Сағынышым — сары ормандай самсаған.
Әке болып жүргенімді ұмытып,
Әлі күнге еркелеймін мен саған.

Құлындаймын асыр салған аңғарда,
Қозыңдаймын ойнақтаған албарда.
Өзің барда қысылмаймын күлуге,
Жылауға да қысылмаймын сен барда.

Мен өзіңнен қабылдаппын сүюді,
Мен өзіңнен қабылдаппын күюді.
Сенің жаның жүрегіме ораулы,
Менің жаным жаулығыңа түюлі.

Тұра тұршы түзелгенше бұзығың,
Жүре тұршы жалғанғанда үзігің,
Маған дәулет неге керек, ақ әже-ау,
Өзің бірге көре алмасаң қызығын?!
                        
                              АРУ ҚАЛА – АЛМАТЫ
Сөзі: Қ.Мырза Әли
Әні: С.Бәйтереков
 
Бағыңда жүремін ал қызыл гүл кешіп,
Ал қызыл гүл кешіп, жатады жыл көшіп.
Аспанды аңсаған қыран боп ұшамын,
Қыран боп ұшамын, ақ  арман құшағы – Алматым!
                Қ а й ы р м а с ы:  
Әніммен көтеріп жыр көгін,
Кең көшеңде алшаңдап жүремін.
Мен бір жаққа кеткенде , ол кетпей
Сенде, Алматым, қалады жүрегім!
 
Тауыңда жүремін тасыңнан от алып,
Алатау- мызғымас достықтың Отаны.
Көңілдің көгінде кептер боп ұшамын,
Кептер боп ұшамын, жастықтың құшағы – Алматым!
                Қ а й ы р м а с ы:  
Алыста жүргенде аңыз-ғып айтамын,
Аңыз ғып айтамын, сағынып қайтамын.
Бағына асыққан бұлбұл боп ұшамын,
Бұлбұл боп ұшамын, махаббат құшағы –Алматым!
               Қ а й ы р м а с ы: