Орал қ., Әбілхайыр хан даңғылы, 183 +7 7112 30-60-20

Аңқау

Күні бойы қайырып қажы малын,
Қалжыңменен сергітіп қажығанын,
Аз болғандай мазағы өзгелердің,
Қазақ өзін жүретін әжуа ғып.

Жырға қосып жарыста озған атын,
Жүрегінде жұлдыз-шоқ қозданатын.
Жөнін тауып алдаса жолдастары,
Ренжудің орнына мәз болатын.

Адам тұрса сөз ұғар маңайында,
Ақ күміс шаш жылтырап самайында,
Алданғанын пәленше, түгеншеден,
Айтатұғын жыр қылып ағайынға.

Арасында аңырап азалының,
Аңғалдықтан тартса да жазаны мың,
Ақ көңіл ел,
Аңғал ел аңғаратын,
Аңқаулықтан өзінің тазалығын.

Пәктік атты барады бұлақ құрып,
Құйып алшы көңілге құлақ түріп:
Күндердің бір күнінде,
Аңқауларға
Көрісетін боларсың жылап тұрып!…

ҚЫЗЫЛ КІТАП
Ойран салған сайғақтың өрісіне,
Қауіптірек орманның бөрісінен,
Кейбіреулер сыйлайды саудагерге,
Папка жасап ақбөкен терісінен.

Ми дарымай біреуге пұл дарыған,
Аямайды пұлын ол ұлдарынан.
Былғарыға құмар-ақ сол ұлдардың,
Қымбат емес кейбірі былғарыдан!

Қариды деп ұяттың өрті бізді,
Біз, əрине, бұзбаймыз сертімізді.
Аямайды аң түгіл, өзіңізді,
Алу үшін ондатр бөркіңізді!

Аңдар бастан кешкенді — дала кешпек,
Тарих мұңын ертеңге ала көшпек.
Еліне де,
Ерге де пайдасы жоқ,
Ешкі қыздың үстінде лама бешпент.

Көкпеңбек бөп көктемде қыр жайқалды,
Бірақ, анау мөлдірде кір шайқалды.
Крокодилдің терісі кейбір елде,
Сөмке боп жүр қолында бір сайқалдың…

Жөні бөлек, əрине, жүйелі істің,
Кейбір завод бірақ та күйе құсты.
Желкілдеген жүні үшін қалды адамдар,
Жете жаздап түбіне түйеқұстың…

Қиын болған тағдыры бұл құсыңның,
Қала алады жасырып қылмысын кім?
Аяғында жатады ақсүйектің,
Терілері барыстың, ілбісіннің…

Азаматтан, ақылды дос ағадан,
Не тыңдайды құлағы тосаң адам.
Оған салсаң,
Кəдімгі аң патшасын,
Бөстек күйде көресің босағадан…

Кейбіреулер сұмдықты кəсіп көріп,
Жүр бүгінде базарға тасып тері.
Біздер үшін бұғылар сырқыратып,
Мүйіздерін келеді кесіп келіп…

Кінəліміз жасымыз, кəріміз де,
Зауал болар аңдардың зары бізге.
Əжеміз де кетеді əйел десек…
Адам десе кетеміз бəріміз де!!!
Əй, Адамдар-ай…!
(жалғасы бар)

КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН БАҚЫТ
Жоқ нәрсеге бұл бақыт күйінбейді,
Жер кепені кең сарай үйім дейді.
Ол ешқашан ерінін боямайды,
Ол ешқашан ерекше киінбейді.

 
Серісінген сәнқойға жоламай-ақ,
Сыйпайды ол басынан баланы аяп.
Жүре берер кей кезде шарықпенен,
Жүре берер кей кезде жалаң-аяқ.

 
Қонған ырыс, бақытың әлі де үйде,
Қызың болып келеді, әне, билеп.
Қабақ шытпас жайдарман жарың болып,
Қазан жақта жатыр ғой нанын илеп.

 
Жаз өтеді, әрине, күз өтеді,
Жайсыз қыста табаннан сыз өтеді.
Жайлы төсек,
Жылы орын,
Жайлау болып
Жақсы ұйқыңды ол сенің күзетеді.

 
Қара жебе сақтаулы қорамсақта,
Құтылмаймыз құрышқа орансақ та.
Бірақ, бақыт себеп боп кешіктіріп,
Апаттан да қалады аман сақтап.

 
Көпті көрген адамның үлгісімін,
Біз білмейтін бақыттың үрдісі мың.
Айдан да ол өзі қалады алып,
Аузы болып дуалы бір кісінің.

 
Ғаламат қой көңілдің ақ-адалы,
Ұстап берсе бір сөзі тамаданың.
Түймесі боп фрактың, шіркін, бақыт,
Тура тиген оқтан да қалады алып!

 
Аз беріп пе ол бізге, көп беріп пе?
Құлагерге қызықты бөктеріп пе?!
Біреуіне көзіңнің ақ боп түсіп,
Мүмкін оны жүруің жек көріп те!

 
Ай күледі аспанда, күн күледі,
Жолай алмай қайғының мұңлы лебі…
Маска киген адамдай
Бақытыңның
Қай пішінде жүргенін кім біледі?!

 
Күннен де өзге нұрлар бар,
Айдан да өзге,
Байқала ма бірақ ол қайран көзге!
Білінбейді бұл бақыт бар кезінде,
Басымыздан білеміз тайған кезде!

                    АРПАЛЫС
Жалғастырып тамыр мен тамыр ұшын,
Жүректердің жүреді әмірі шын.
Өмір бойы тынбайтын айтыс-тартыс,
Өмір үшін жалғыз-ақ,
Өмір үшін!

Миллиард жыл күн батып,
Күн шығыпты,
Өмір оңай бермейді бір шыбықты.
Мүмкін емес өмірді мансұқ ету,
Мүмкін емес тоқтату тіршілікті.

Тегеурінді тірлікті кім тыяды,
Тас құрсағы жолдың да бұлтияды.
Жерге түскен жаңғағы ер еменнің,
Жарып шығып асфальтті, қылтияды.

Кей өсімдік,
Көк таспен ерегісіп,
Күмбездердің өзінде тұрады өсіп.
Қай бұрышқа қойсаң да
Қазағыңның
Көктегенін тілейді мұра-бесік.

Жасыл әлем өмірдің, иә, сәні,
Жадау түздің гүлдейді миясы әлі.
Қирап жатқан ғимарат түндігіне
Қарлығыштар жүреді ұя салып.

Мүмкін емес тастауың бәрін қырып,
Неге керек екі есті,
Жарым қылық?!
Ұнатпасаң, ұнатпа,
Қуысыңа
Өрмекшілер жүр, әне, торын құрып.

Дүрілдеген дүние,
Гүрілдеген…
Жоққа шығар демеймін бірін де мен.
Қандай ғажап, үкілі қамыстағы
Инеліктер – тіршілік дірілдеген!

Өмір қашан,
Қай кезде тоқырапты!
Таңдамайды ол заузаны, ақырапты.
Лүпілдеген жүректер тыным таппас,
Үсті түгіл астында топырақтың!

Асылын жұрт өмірдің үлеседі,
Алдағыға соңғылар ілеседі.
Қорықпайды тіршілік ештеңеден,
Қабірдің де басына гүл өседі!

Бақытың да,
Қайғың да гүл өңірде,
Гүл өңірден күліп шық, күле кір де!
Титықтап жүр,
Тулап жүр,
Түңіліп жүр,
Түк жетпейді өмірге,
Ұлы өмірге!

                    ШӘЙІР ЖӘНЕ ШАРУА
Жасырмаймын мен аса,
Шеттеу кетпей тегімнен,
Шәйір болып тумасам,
Шаруа болар едім мен.

Артық нәрсе шашылып,
Жатпас еді ауламда.
Мәз болар ем ғашығым,
Күнде сиыр сауғанға.

Солай бол деп әр үйге,
Берер едім тәрбие…
Байлар едім әрине,
Бір түйе мен бір бие.

Шырағындай қаланың
Сөнбес еді от бізде.
Тоқтамас ек баланы,
Он-он беске жеткізбей!

Қауын-қарбыз бақшамда,
Қай кезде де май ішім…
Орда болып ақшамда,
Отырар ек шай ішіп.

Өзенге ау құрар ем
Мініп барып торыма.
Ақша салып тұрар ем,
Бейбітшілік қорына.

Құмарлардың ғажапқа
Болар едім ермегі.
Олар: «Мынау қазаққа
ұқсамайды!» –дер ме еді.

Мен сол сөзге қосылмай
Күдіктерін жояр ем.
«Нағыз қазақ осындай
Болады!» – деп қояр ем.

Қайткенде де, қарағым,
Мен шындыққа жуықпын.
Ақылымен шаруаның,
Ақын болып туыппын.