Орал қ., Әбілхайыр хан даңғылы, 183 +7 7112 30-60-20

ЖЕБІР БҰЗАУ ЖӘНЕ МЕНІҢ МӘЙКЕМ
Көки алман бай тұрдық деп – кеше біз,
Кетті біраз сол жылдарда есеміз.
Қиып-пішіп ескі-құсқы киімнен,
Мәйке тігіп беретін-ді шешеміз.

Күйе-күйе маңдайындай кеншінің,
Күн астында талай-талай тершідім.
Бір көнеден тіккен сол бір мәйкеге,
Бұзауқаны өш болатын көршінің.

Кір жайғанда дәл білетін ай-күнді,
Сол бұзаудың келетіні айқын-ды.
Шуақ жақта сілекейін шұбыртып,
Шайнайтын да тұратын ол мәйкемді.

Әлі есімде, қызыл бұзау, жегенің,
Сөз болып па бірақ мәйке дегенің.
Бір жылдары сыншылардың аузынан,
Тап осылай түспей жүрді өлеңім.

                          ЖЕСІР
Шемен бе еді бұл өзі,
Беріш пе еді?!
Жарты ғасыр қинады шер іштегі.
Он екіде бір гүлі ашылмаған,
Жеңгем менің – жеңге емес, періште еді!

Аунап-қунап шаттықтың көгалына,
Жарытпады…
Күн туып қоғамына.
Бақыт үшін жаралған жан еді бір,
Соғыс қалды, қайтесің, обалына.

Жаңылды ма жақсылық есебінен,
Жолықты ғой жалғыздық кеселіне.
Жаңа ғана үйленген жас жігітті,
Жұлып алды жып-жылы төсегінен.

Сол кеткеннен мол кетті асыл ағам,
Житомирде түсті де жасын оған…
Жеңгем үшін жүректен өшті мәңгі,
Жастық деген ғажайып жасыл алаң.

Ол кездердің заңы мен мәні басқа,
Шапшып шығар намыстың қаны басқа.
Жеңгем менің ант ішті,
Екінші рет
Махаббат деп ешкімді танымасқа.

Біле ме екен бүгінгі майлы қарын,
Бұл өмірде қасірет, қайғы барын…
Жесірліктің азабын шекті жеңгем,
Жетілдіріп жетімек қайныларын.

Бір ғана өзі Мұңлығың, Зарлығың да,
Кешті бастан ғұмырын жарлының да.
Бірақ, бірақ…
Жылдардан түк алған жоқ,
Бәрін берді ол қайта, барлығын да!

Заман солай болғанын талап етті,
Өз құсасын өзімен ала кетті.
Азаматын бергені аз болғандай,
Баласыздық салығын төлеп өтті!…
   

           
                          ЖЕҢІС
Халықтармыз құм-шөлде пысып өскен,
Шығармаймыз өткеннің қысын естен.
Жоқ іздеген кезінде жылқышымыз,
Айғырымыз алыстан кісініскен.
 
Көшіп жүріп  қосылған  жиі іздері,
Егіз халық бір басқан киіздерін…
Қатар қонған ауылдың қошқарлары,
Бір-біріне қасыған  мүйіздерін.
 
Шақар заман шапқыннан  жалықтырған
Шоқпар қылып халықпен халықты ұрған.
Түрікмендер қылышын Анда-санда
Қылышымен қазақтың жанып тұрған.
 
Шаруасы жоқ шатакта бала-шаға,
Бірін-бірі шақырған тамашаға.
Байларымыз қырқысып құдық үшін,
Кедейіміз мұңдасқан оңашада.
 
Өтті-кетті ызғары қарлы күздің,
Ендігі өмір өңіндей әрлі қыздың.
Қараң қалып қастығы ханымыздың,
Жеңіп шықты достығы жарлымыздың!